Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  182


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Амантай, Мұсырманқұл, Нұрлан

Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлеген,
Аса тұлпар болса да, аспай жатыр кермеден.
Аштан өліп баратса, аузына су бермеген,
Адам болу мүмкін бе, ары лас пендемен.
Жылап сорлы таңдайы тақ етті де ол өлді,
Өлтіргендер ойланбай шырқатып жүр өлеңді.
Құлдан бетер сұраусыз, ұмытты құн дегенді,
Сүйегіме таңба боп сүмірейтті денемді.
Жүрегіме кек болды, жаман батты бұл тірлік,
Қабырғаны қаусатқан, қаныпезерге ұмтылдық.
Шыбын-шіркей боп қалдық, заңды олар құлқын қып,
Ашып, көміп сүйекті, аңырадық, құр тындық.
Опырылды омыртқа, қабырға да қирады,
Астамсыған алғыштың ісі ойға сыймады.
Көлденеңнен сап еткен, тентекті ешкім тыймады,
Құда кетті, іс бітті, шұлғау болып иманы.
Ақша алған, ар сатқан, жалғыз адам бұл ма екен?
Зар жылатып біреуді, балалары құл ма екен?
Жесір өсіп, жетім де жетілер, өтпес жыл ма екен,
Адам жұтқан албасты өлмеймін деп жүр ме екен.
Бетпе-бетте мойныңа салынбастан өтпейді,
Алла ісіңді, мұсылман, еш сұраусыз етпейді.
Қанды төккен адамның қазынасын шектейді,
Жақсылық та, жамандық та қайтпай, сірə, кетпейді.
Жыламаңдар, ардақты баласы нақақ өлгендер,
Қанішерді таба алмай қарғап тұрып көмгендер.
Бір табақ ет, сарт ниет, жалған пұлға көнгендер,
Сұрауына Алланың, түспейді деп сенбеңдер!
Аяғына жем түсіп, жүйрік аттай желгендер,
Киік етін жепті ғой, құмырсқа боп өргендер.
Оты өшіп, сал болып, қаннан ақша тергендер,
Тасбақа да бүркітке, жетті дейді көргендер.
Мал алам деп қуанған, малдан табар сорын да,
Алтын қасық ұстасаң, бір қарап қой қорымға.
Анасына сүйекті сатқан қасап, оның да,
Пешенесі, ризығы бір Құдайдың қолында!
Мұрнын көкке шүйіріп, əкім болып жүргендер,
Шаңырақ бұзып, байларға қатын болып жүргендер.
Арба тартқан, от жаққан байғұстарға күлмеңдер,
Бір-біріңді құтырған итше қауып, үрмеңдер!
Дүниенің тетігін сен емессің жаратқан,
Əкең сенің өлген жоқ ақша менен арақтан.
Шығып қалғың келмесе Адам деген санаттан,
Хабардар бол о дүние, сынақ алар сағаттан!
Ыржаң қағып, бос шулап, арамдықты құптадың,
Бес машина, он там мен тоқал шығар ұтқаның.
Шайнағаның белгілі, күмəн боп жүр жұтқаның,
Памдатыңа жалғасып, жетер ме екен құптаның!?
Қой торыған қасқырдай ел кезбе боп біттің бе?
Тəңірісі болса бөрінің, иесі бар иттің де!
Көкекте де ана бар, құдасы бар биттің де,
Сұрауы бар судың да, екі ұшы бар жіптің де!
Асқазанды қанша рет, көрсетсең де жүрек қып,
Бай дегенің бір жұттық, батыр деген бір оқтық.
Құдайдан кейін біреуді жүрсең-дағы тірек қып,
Сен өлтірген əруақтар, өзі барар тілек қып!
Екі əруақ, бір Құдай, басыңдағы Күн мен Ай,
Секілденген перзенттің, ойнап-күліп жүргені-ай.
Сенің күнəң балаңа, қарғыс болса кімге жай,
Оранғаның не керек, үлде менен бүлдеге-ай.
Айтып қалдық ауызға келген сөзді қайтармай,
Жүрген шығар біреулер алдыңа кіріп айта алмай.
Қайырымды бол, кем емес, жапырағың жайқалғай,
Өлмеймін деп жүрсің бе, Алдар мінген сайтандай.
Итаяғы алтыннан талай байлар бар əлі,
Құр ойбаймен, айғаймен өмірі өтіп барады.
Барған кезде жұтуға, жұтқыншаққа тамағы,
Есіңе алып қоярсың, ажал құшқан баланы.
Сөзімді оқып қарашы, ел басшысы, данасы,
Сүттей құрып, іруде Алты атаның арасы.
Қыршындарды жоқтаған, жырға келген шамасы,
Оразгелді Мамыттың, Мылтықбай деген баласы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу