Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  366


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Дінмұхамбет атаны жоқтау

Əр қылығын асыл-ды!
Əлдекімдер басынды.
Ассалаумағалейкум,
Ата, көтер басыңды.
Жүрегімде тірісіз,
Тірілердің бірісіз.
Арпа ішінде бір бидай,
Артық туған ірісіз.
Қадір тұтып əр ұя,
Болды сөзің жария.
Қайта өмірге келмейтін,
Қасиетті қария!
Сақа тұтқан асығым,
Сізден сыр жоқ жасырын.
Сексен бесте ақылдан,
Айнымаған асылым!
Ата, тыңда күйімді,
Айтар сөзім сыйымды.
Ақылы жоқ біреулер,
Ашытып жүр миымды.
Көрдім ата сыйыңды,
Қуған жоқсың тиынды.
Хан сарайдай көруші ем,
Қыдыр қонған үйіңді.
Өрнек болдың өлеңге,
Ұқсап Жамбыл, Кененге.
Мен сенбеймін сом денең,
Жер астында дегенге.
Денең құлап, өлген күн,
Құдай ісі-көнгенмін.
Кім айтады өлді деп,
Жүрегіме көмгенмін.
Қара көзің сөнген күн,
Өлмесіңе сенгенмін.
Адаспасын қазағым,
Аруағыңмен дем бергін!
Сөзің тыңдап өсіп ек,
Өлмейтін сөз осы деп!
Кей тірінің сөзінен,
Артық сендік өсиет!
Адам едің досы көп,
Жауыңнан да шошып ек.
Бағыштадым Құранды,
Баба жолы осы деп.
Бейнет көрдің халық үшін,
Асылдың, ата, артысың.
Топырағың торқа боп,
Пейіште нұрың шалқысын!
Ұлықбекке.
Ұлашым,
Сені көрем ұлы ақындай,
Өлеңің-жауға түскен сұрапылдай,
Кей кезде, майда, жылы май жаңбыры,
Кей кезде отты лебі ұратындай,
Кей кезде ана əлдиі, бала уілі,
Əйтеуір жақсылыққа бұратындай.
Əдемі қыз кестесі көркем тіккен,
Көрмеде көзді тартып тұратындай,
Əйтпесе жанға жайлы дана сөзі,
Адамды тəрбиелеу мұратындай.
Мен сенің əлеміңе көп сүңгимін,
Таулардың тапталмаған шұратындай...
Таң сəрі мезетінде бал тыныштық,
Ақынға көктен түскен рахымдай.
Тағына төреліктің шегелендің,
Төзімді тауыспай ма, бұл, апырым-ай?!
Уақытыңды ала берер уақ-түйек,
Өмір де зулап жатыр тұра тұрмай..
Халықтың сүйікті ақын-балуанысың,
Беттесіп, белдескенін жығатындай.
Елімнің ерекше бір кезеңінде,
Ер керек еркін сөйлеп шығатындай.
Əйтеуір, сөйле, сайра, мінбелерден,
Еңбегің тарту еткен, мін атыңды-ай!
Өлеңге өмірімді мен арнағам,
Халімше елге қызмет қылатындай...
Ешкім тартып алған жоқ қаламымды,
Ешкім лайлаған жоқ суатымды-ай!
Еліме еңбек тарту етсем деймін,
Денім сау, бұлықсыған қуатымда-ай,
Төзімім-тас қайрақтай, үміт-таудай,
Келемін кезеңдерден уатылмай,
Айтамын абыржысам өлеңге сыр,
Ақтарып жан сырымды бір ақындай,
Өлеңді түсінбейтін ойсыз жандар,
Жанымның жалауларын жығатындай.
Қойда да қожайын бар, итте-ие,
Не болды, шетте сағым сынатындай,
Əркімге жайымды айтып жалынбаймын,
Күнəм жоқ көп көзінен бұғатындай.
Өлеңін кей білгіштер жөндеп жазсын,
Ұйқасы шұлғау құсап шұбатылмай...
Шараппен буланып ап, күшеніп те,
Жазатын ақындар бар-«қыратындай».
Оқталған ойлы сөздің мылтығы едім,
Ой, арман! Өтер ме екем бір атылмай?
Тауға шықсаң сайдағы елді ұмытпа,
Төбе шықсаң ұмытпа қыратыңды-ай.
Халықтың перзентісің, халық ақыны,
Сияқты өлең жаздым сынатуға-ай...
Қолыңда қамшың барда салып қалсаң,
Құрбыны тіптен оңай жылатуға-ай.
Жылы сөз, қол көмекті аямасаң,
Мұңдыны, тіптен оңай, жұбату да-ай.
Дүниеде ақын болу қандай ғажап,
Жүрегің туған жер деп ұратындай,
Шыдам бітті, шын арман орындалса,
Шыңыраудан шыңға көңілім шығатындай.
Пенденің бар есебін ұғып тұрған,
Қай жаққа тықсам екен қу ақылды-ай!
Болайын мейлі, патша, мейлі пақыр,
Халқыма шығарармын бір атымды-ай!
Еңбек деп аталады мен мінген тақ,
Ешкімнің шамасы жоқ құлатуға-ай!
Өзіңе айтылған бір наз деп, түсін,
Хақым бар, Ұлашымды, ұнатуға-ай!
Кешерсің, артық –ауыс, кем-кетігін,
Қазақтың сөзі көп қой, ұнатуда-ай.
Жек көрсе-қорс етеді, теріс айналып,
Əліптің артын бақпай-тынатындай...
Содан соң, жараса алмай жүреді ұзақ,
Бұлтқа жасырынған күн отындай.
Мінез ғой –құдай берген, түзей алмай,
Өтті ғой-бармақ тіспен, мың ақылды-ай,
Менде жоқ саған өкпе, əшейін сыр,
Ашылған ақ жүректен лапылдай...
Кітапты сыйға тарттым, сөреңе қой,
Ізетті іні сана, біл ақындай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу