Өлеңдер ✍️
Дархан Мамытовқа
Бабаңыз Қияқ батыр шежіреден,
Құлжаннан Қанай, Нөсер бері келген.
Ақыннан Молда Мұса, Құлан ақын,
Қайыпназар мадақтап - тебіренген.
Келіп тұрып Дарханжан төріңе мен,
Өлең жаздым солардың жөніменен.
Ат мінгізіп, шапанды жаппасаң да,
Қайтарар деп Атаның жолыменен.
Дарханжан, ата тегің ұлық еді,
Бабаңды үш жүз түгел біліп еді.
Бабаңыз жалғыз Қоңырат еліне емес,
Орта жүзге ірілік қылып еді.
Ірілік жеті атаңа келген еді,
Домалап өрге тасы өрлеп еді.
Батырлық, байлық, билік, шабандоздық,
Жұп-жұп қып бастарыңа берген еді.
Бабаңа құдай берген сол абырой,
Өзіңе əкімдік боп келген еді.
Қасқа айғырдың арда емген құлынысың,
Мырзашөлге таралған зор беделі.
Бақ деген жеті ұрпаққа созылады,
Талай төрде айтылар сөзің əлі.
Ел ағалық қылу бар қаныңызда,
Келеді салым салар кезің əлі.
Болғанда Əсілбек би, Қанай датқа,
Құлжан батыр мəлім-ді атырапқа.
Тұрлыбек пен баласы Зұлпыхар да,
Бөленіп өтті өмірден салтанатқа.
Су аққан жеріңменен сулар ағып,
Өзіңнен балаңа өтіп жатқан жоқ па ?!
Арғы атаң Құлжан деген батыр екен,
Қайраты қырық адамға татыр екен.
Шанышқылы жігітті Қоқан ханы,
Дарға асқалы айыптап жатыр екен.
Қыл арқанды қылышпен шауып батыр,
Бір ерлік жасаған-ды аты бөтен.
Аман қалған жігіттің қарындасы,
Құтқарғанға тиюге мақұл екен.
Құдай, аруақ алдында бала қылып,
Құлжанды қосқан ата-ана ақылы екен.
Ырза болып қосылған сол əжеңнен,
Ұрпақ саны бір жүзге жақын екен.
Қанай, Нөсер Құлжанның баласы еді,
Қанай датқа - Орта жүз ағасы еді.
( Қанайдың сіз тікелей ұрпағысыз,
Дарханжан, жоқ қой, оған талас енді).
Ауылдың жақын отқан арасы еді,
Рамадан қырық үй шамасы еді.
Ысқабай дейтұғын бір бұзық ұры,
Өз ауылын өзі шапқан дарақы еді.
Бір жүз елу тəжікпен келіп шапқан,
Сол тəжіктер ұрының панасы еді.
Артынан он адаммен қуып барып,
Қорқытып айламенен ойран салып.
Нөсердің сонда шыққан батырлығы,
Айырып жаудан малды алып қалып.
Нөсердің немересі Мызалы еді,
Жаушықұмда болыс боп тұрған еді.
Бетіне ешкім тегі қарсы келмей,
Ел жұрты құп деп сөзін тыңдап еді.
Бəтікей Тастанбектің бəйгесінде,
Жанжал боп екі жақ та шулап еді.
Аса алмай Мырзалының билігінен,
Келісіп бəрі соған тынған еді.
Одан кейін бір аштық келген еді,
Аштықтан көп қиындық көрген елі.
Келестік құраманың таяғынан,
Нахақтан бір айғұлы өлген еді.
Адам құрлы көрмеген құрамадан,
Намыс үшін құн алып берген еді.
От пен суға түсетін Қоңырат үшін,
Ата-бабаң осындай ерлер еді.
Ата тегің осындай болып өткен,
Бақ құсы мəңгілікке қонып өткен.
Ұяда көргеніңді істеп жүрсің,
Қалың боп абыройға қолың жеткен.
Сөзінің дуасы бар Ата ұлысың,
Заманның өзің де бір батырысың.
Сөзіңе тұрмайтұғын бір адам жоқ,
Өзің қатар Ерлердің ақылысың.
Басыңызда аумайтын қалың бақ бар,
Сондықтан сөзіңізді халық жақтар.
Қамқор боп қасыңыздан ұзамасын,
Халықтың аузындағы аруақтар ! Я, құдай, Қанай датқа балалары,
Таралып елді даңқың аралады.
Қырық жаста дүние салса-дағы,
Тұрлыбекті талайлар «ағалады».
Баласы Тұрлыбектің Зұлпыхар да,
Алтын шынжыр сияқты арадағы.
Талайларды құтқарып жамандықтан,
Əділдік үшін жанын жаралады.
Тілеуберді дейтұғын мүсəпірге,
Əйел əперген Қанайдың бар амалы.
Құлан ақынға мінетін атын беріп,
Аңыз болған Зұлпыхар жəне –дағы.
Бабаң өліп, Арқада ел жылаған,
Сол ғой даңқтың алысқа тарағаны.
Халыққа қас дұшпанға аттанғанда,
Қарт бабаң алды- артына қарамады.
Қарадан хан боп өтті Қанай бабаң,
«Қазақстан тарихы»- парағы, əні.
Жаяуға ат, тонсызға киім берген.
Адамзаттың асылы, даналары.
Шүренбай мен Іңкəрді өлең қылсам,
Еңбектің озып шыққан даралары.
Ақтай палуан, шабандоз Ермекбайға,
Көп еркектің келмеген шамалары.
Əуелбек, Ибадулла атын айтсам,
Мақтайды Оңтүстіктің бар адамы.
Бекжаппар, Сеиітжаппар есімдері,
Көшбасшылық қатардан саналады.
Жаһаншадай ғалымды кім білмейді,
Алматыдай атақты қаладағы.
Болат жүр «Мираста» ісін жалғастырып,
Аруақтың осы емес пе қарағаны!?
Шөбере, шөпшектерге бабадағы,
Текті қан осы емес пе тарағаны.
Тұлпардан тұлпар ғана жаралады,
Сұңқардан сұңқар ғана таралады!
Сонымен, ақыныңыз өлең арнап,
Сөзім де ақырына шамалады.
Тіл-көзден құдай сақтап, аруақ қолдап,
Көңіліңнің бола берсін қалағаны!
Досым Қапаштың конторына басқа біреу бастық боп
келгенді естіп, қасынан өтіп бара жатқандағы көңілге
келген өлең.
(бірінші өлең)
Елімізді өз жігіті билесін!
Туған жерін шын сүйеді сүйгесін!
Туған ел деп шын күйеді күйгесін!
Ел тізгіні бөтендерге тимесін!
Атамекен топырағын бағала!
Жақсы іні бола білгін ағаға!
Ағаласаң өз ағаңды ағала –
Өз туысың ем болады жараңа!
Өзге құрсын, тұз себеді жараңа!
Нағыз ерді туған елі бағалар,
Туған жерден артықты кім таба алар.
Інілердің шетке кетіп жүргені,
Ағалыққа жарамай жүр ағалар!
Артық айтсаң, ауылдасың мақұл дер
Дұрыс айт та, жол көрсетіп, ақыл бер!
Өз елінің құдық қазып басынан,
Əкіреңдеп ақмақ боп жүр əкімдер.
Болды, болды, байыдыңдар, тоқтаңдар,
Барды ардақтап, ел намысын жоқтандар.
Жігіт туған жеріне, қайқы ит,
Тойған жерге деген сөзде көп мəн бар
Туған жерді өз баласы билесін,
Жаман дейді ел баласын сүйгесін.
Ел тізгіні келгіндерге тимесін,
Айттық мұны көз көріп, іш күйгесін.
Кім көрінген ел басқарып шалқыпты-ау,
Таудан келген шөл игеріп шаңқытты-ау,
Алты Атаны аяққа сап балқыпты –ау,
Қаңғып келген қарғыбаулы төбеттен,
Туған жердің күшіктері артықтау!
(Екінші өлең)
Жалақордың жаласын күліп тыңда !
Өмір- күрес, екенін ұмыттың ба ?
Тірлік –ұста сынайды төске салып,
Босадың ба, жоқ əлде шынықтың ба?
Бастықтардан басталған былықтың да,
Аяғы- ойран екенін ұмыттың ба ?
Дүниені ойлама мұз боп кетер,
Жетім, жесір жүрегін жылыттың ба ?!
Ұзындығы қорқытса құрықтың да,
Иесі бар екенін ұмыттың ба ?
Құдай сүйген пендесін ажал алмас,
Семіздің майы, сіңірі бар тырықтың да.
Итте ие болса егер,тұрып тыңда !
Бөріде тəңірі барын ұмыттың ба ?
«Көкесі» бар,қолы ұзын деп сескенбе,
Киізіне күн түсер жырықтың да.
Бірі Қыдыр екенін қырықтың да,
Мыңда Уəлі екенін ұмыттың ба?
Бейшараның бақыты - перзенті көп,
Миллионердің баласы - «сынық тұрба.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter