Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  148


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Шәмші Қалдаяқовқа

(бірінші өлең)
Кең – байтақ Қазақстанда,
Бармаған əнің тұс бар ма?
Үндістан жақта əн айтар,
Құстар да алыс ұшқанда.
Толқыны болып Арыстың,
Ғашықтарменен табыстың.
Əнменен күмбез тұрғыздың,
Əуенге бөлеп жер үстін.
Кішкентай ғана жүрегің,
Қазақты сүйген ұлы едің.
Аспанға атың көтеріп,
Ардақтап жатыр ұлы елің.
«Пернеге əн боп енбеген,
Шулағанда мынау бақ.
Орынынан сом – денең,
Түскен шығар бір аунап».
Осылай досың Төлеген,
Палуанға өлең арнап ед…
Бұлбұл бақтардан көрем мен,
Шəмшіде де арман бар ма деп…
Кішкентай ғана бұлбұлға,
Айналып кеткен ардағым.
Қазағың барда бұл қырда,
Өлмейді атың, арманың!
(Екінші өлең)
Əнiңмен көңiлiме гүл өндiрдiң,
Мейiрiмiн үлестiрiп жүрегiңнiң.
Сенемiн досқа сенген адам құсап,
Бiлемiн ақ екенiн тiлегiңнiң.
«Менiң Қазақстаным» – атың мəлiм,
Кей бастықтың көрсем де сатылғанын.
Адалдыққа, шындыққа батыл, жалын,
Жастарды Желтоқсанда шақырғаның!
Кей бастыққа кетсем де көңлiм суып,
Сенi сүйiп өтемiн, сапыңдамын.
Ғашықтық əнiңе де қызығамын,
Махаббат майданында шынығамын.
Шаршағанда достармен əнiңдi айтып,
Сыр шертемiн, демалып, шынығамын.
Көңiлiме əнiңмен гүл өндiрген,
Орын бердiм өзiңе жүрегiмнен.
Тұла бойы əн толы асыл Шəкем,
Өмiр бойы өзiңдi сүйемiн мен.
Ұлтын əнге табынтып иебiлген,
Қызмет етiп, ұлындай сүйебiлген.
Асыл жүрек, əн
-Шəке, аруағыңа,
Басымды жерге дейiн иемiн мен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу