Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
19.05.2022
4320
![](/uploads/shorttexts/author_image/myltykbaj.jpg)
Әлияға
Əлия – қайсар гүлі қазақтың,
Ерлігіне таңданамын, ғажап тым.
Солар төккен қызыл қанның арқасы,
Қазақстан аспанында азат күн.
Жарқырайды бейбітшілік жалауы,
Орындалып жас ұрпақтың қалауы.
Əлияның жүрегі боп жанып тұр,
Мəңгілік от – ескерткіші, алауы.
Көктем келіп гүлдегенде бар алап,
Кең жазира нұрға тұнар ғаламат.
Əлиялар бүлдіршіндер есімі,
Балабақша, мектепті жүр аралап.
Өлмегені Əлияның сол болар,
Əлия аты – ардақталар, қорғалар.
Қазақ өткен ұмытпаса тарихын,
Болашаққа егемендік жол болар.
Қайсар Əлия, гүлдей нəзік бірақ та,
Гүл боп атың өсіп жатыр қыратта.
О, Тəңірім, соғыс отын жандырма,
О, Тəңірім, балаларды жылатпа!
Мектебіне, бақшасына бүлдіршін,
Барсын, күлсін, анасымен бір жүрсін.
Бейбітшілік күні жанса төбеде,
Əлиялар біреу емес, мың гүлсің!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter