Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  133


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Наурыз - жаңа күн

1.
Тұран менен Иранда
Көктем келіп тұрғанда,
Есік ашық, дастарқан
Толы болған сыйларға.
Күн менен түн теңеліп,
Жақсылыққа кенеліп,
Тілек айтқан дүйім ел:
«Дəйім тойға келейік!»
Тату жастар үйленіп,
Отау болсын үйге еніп,
Диқан болсын балалар,
Дəн себуді үйреніп.
Ана-анаға қарассын,
Шебер боп үй қалассын.
Тату болып көршілер,
Ренжіссе – жарассын.
Күндей болып жүзіміз,
Бір болсын дəм-тұзымыз.
Қызғалдақтай гүл жайнап,
Бір өссін ұл-қызымыз.
Таныс болсын, болмасын,
Тартынбасын жолдасың,
Төрге шықсын, əн салып,
Би билесін, тойласын!
Наурыз – думан, базар шын,
Шешен, ақын сөз алсын.
Жарастықпен жанасып,
Жан дүниеміз тазарсын!
Жадырай жүр, күле жүр,
Жаздай қысқа бұл өмір.
Жаңа жылда - наурызда
Жаңаша өмір сүре біл!
2.
Үлкендерді сыйлағын,
Алға тосып сый, дəмін.
Тойға ғана бұйырсын,
Еңбек етіп, жиғаның!
Өнер болсын – серігің,
Достық болсын – көрігің.
Құнарлы боп егінің,
Құтты болсын өмірдің.
Наурыз желі ескесін,
Көктем салды кестесін.
От дегенім – Отаным,
Отан оты – өшпесін!
Ортақ болсын өзенім,
Талмас болсын өзегің.
Кімге болсын – бауырмын,
Қай жер болсын – өз Елім!
Күн менен түн теңелді,
Жамандықты шегерде.
Наурыз деген – Жаңа жыл,
Жаңарамын мен енді.
3.
Таза болсын тəніміз,
Əсем болсын жанымыз.
Наурыз күнін, сондықтан
Бейбіт күн деп танимыз.
Мейлі, жаяу жүріңіз,
Мейлі, атқа мініңіз,
Масқарапаз болыңыз,
Масайраңыз, күліңіз.
Ағаш атқа мініңіз,
Ағаш аяқ іліңіз.
Əрбір үйге кіріңіз,
Күлдіріңіз, күліңіз.
Бейбіт болсын күніміз,
Бейбіт болсын түніміз.
Наурыз тойы – ұлы той,
Ұмытпаймыз мұны біз.
Алтын болсын ұлыңыз,
Күміс болсын қызыңыз.
Наурыз тойы – ұлы той,
Бізбен бірге жүрыңыз.
Ортақ болсын – жырымыз,
Ортақ болсын – сырымыз.
Керней-сырнай тартыңыз,
Дауылпазды ұрыңыз.
«Патша», «уəзір» сайлайық,
«Əскер» жүрсін сайланып,
Күлдірімпаз біреуді
Ала жіпке байлайық.
Ойынымызды ойнайық,
Ойнап жүріп ойлайық...
Он үш күн мен он үш түн
Наурыз тойын тойлайық.
4.
Наурызкөже іштің бе?
Қызбен биге түстің бе?
Көңілді өлең айттың ба?
Көңілденіп қайттың ба?
Есінеме, жалықпа!
Ертеңіңді, анықта!
Ештеңеден құр қалма,
Ерсең болды халыққа.
Егін өсір, қой бақшы,
Жұлдыз сана, ой бақшы,
Наурызда бір дос тап та,
Бір түп шыбық орнатшы.
Ертең орман болмақшы.
Қыс пен көктем арасы
Мерекенің дарасы...
Барлығы да наурызда
Жаңарады, қарашы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу