Өлеңдер ✍️

  18.05.2022
  229


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Кілем

Бөяуыңды сал, гүлді сал,
Қатар да, қатар жіп сана!
Өмір де – кілем бір мысал,
Өзге кілемге ұқсама.
Бипаздап майда қолыңмен,
Бұралған жіпті қиып көр!
Айнадай таза көңілмен,
Аялы сезім құйып көр.
Түбіт жіп көнсін байлауға,
Тоқпақпен теріс тебілсін!
Батырсың шыққан майданға,
Айқасқан жауың жеңілсін.
Түрікмені қалың кілем бе,
Парсының төзімдісі ме?
Оюхат жазсаң біреуге,
Оқиын сөзін түсіне.
Бұранда мүйіз, шоң қошқар,
Кілемдес – саусақ қырлаған.
Көсемдей бейне жол бастар,
Түксие қарап тұр маған.
Өзбектің мөйін, əнін сал,
Қырғыздың келтір сенімін.
Тау, өзен, жайлау-бəрін сал,
Ұмытпа қазақ көңілін!
Мыңдаған жіптің ішінде,
Жібегі – сенсің кілемнің.
Шыңдаған əдіп пішінде,
Жүрегі – сенсің кілемнің.
Арманым, аңсарым бəрі,
Өрт жалын – жаным іңкəрі.
Мен болдым саусағыңдағы,
Үзілер жіптің бір талы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу