Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
18.05.2022
155
Құлыншақ
Аққу мойын кекілді,
Жарасымды құлыншақ.
Ойын білгіш не түрлі,
Бала сынды құлыншақ.
Құйып қойған қасықтай,
Сурет сынды құлыншақ.
Суда жүзген асықпай,
Үйрек сынды құлыншақ.
Су қаймағын таңдаған,
Сəнді қонақ – құлыншақ,
Тұра шапқан жалма-жан,
Жамбы тұяқ құлыншақ.
Шөбі шүйгін кең дала,
Асы болған құлыншақ.
Атқа құмар – ер бала,
Досы болған құлыншақ.
Бүлк-бүлк еткен бүргеннен,
Селк-селк еткен селеуден,
Үрей буған құлыншақ.
Шегірткеге шамданып,
Көбелекке таңданып,
Жүре қуған құлыншақ.
Күндіз бірге жайылған,
Түнде бөлек жусаған,
Қара судан май айырған,
Көзін салмас кім саған?
Құлаш құйрық, доға жал,
Шоқ секілді құлыншақ.
Бір өзіңе жетер мал,
Жоқ секілді құлыншақ!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter