Өлеңдер ✍️
Сіз маған ана болдыңыз...
Сіз маған ана болдыңыз.
Пана болдыңыз маған.
Мен сізге бала болдым,
Пана бола алмадым, қайтейін, Анам?!
Құмырсқа қорғап баласын,
Су тисе-тасыр тістелеп.
Қарлығаш тапқан бар асын,
Ұяда берер, ішке кеп.
Жарбиған шақа жарқанат,
Жалаңаш келдім өмірге.
Жəрдемдеп, жемдеп, арқалап,
Бейнетің сіңді сенің де.
Талтаңдай жүріп, тəй-тəйлап.
Табанды тіреп, түргеліп,
Тамды ғой, жасың, ой ойлап,
Қуанғаныңда бір көріп.
Бездім де, кездім жер бетін,
Қуанып, тамсап, сүйіне,
Бесікке сыйған перзентің,
Сыймадым, қайтем, үйіме.
Сіз маған ана болдыңыз.
Ал, бала болдым мен Сізге!
Ауылыңыз бөлек қондыңыз
Мен қалып кеттім елсізде!
Құмырсқа ғұрлы болмадым,
Қарлығаш ғұрлы болмадым,
Панаң бола алмадым,
Панаң бола алмадым...
Жете алмай қойдым мен Сізге,
Өңім түгіл, түсімде.
Жүргендеймін елсізде-
Қызылқұмның ішінде.
Қалды бəрі,қалды артта,
Сүйейтінім болар кім?
Кеткен ұлдай солдатқа,
Кештеу, мұңды оралдым.
Өтті, бітті, бəрі енді,
Жандай-жарым ақылы.
Жаулаймын деп əлемді,
Жалғыз қалдым, ақыры.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter