Өлеңдер ✍️
Анамды жоқтау
Қамықты жаның, қара да шашың ағарып,
Əжімдеріңде жылдардың ізі бары анық.
Емхана ішін кезеді көктем самалы,
Дəрінің исі, бəрінің исі таралып...
Қарақшы ауру, қанжарын салған арқадан,
Қал-дірмəн қашқан, алпыстан асқан, шаршаған,
Төсекте жатып, терезе жаққа телміріп:
«Келді ме көктем, келді ме?» дейсің қарт анам.
Өтті ғой қыс та зілмауыр ойлар тұмшалап,
Келді ғой көктем, жылжуда күндер-құмсағат,
Аяулы анам, күншуақ жақта ойнаған,
Немерелеріңді көрер ең, сəлге тұрсаң-ақ!
Жарық өмірді жаңарта келген наурызым,
Көзайым көктем! Көгертші жанның саркүзін.
Бір-ақ, сілтесем бу болатұғын уайым,
Бітіспес жаудай жаныма салды қанды ізін.
Аяғы-ойран, опасыз дүние алдында,
Анашым менің-панашым менің қалдың ба?
Көктем де келді! Күннен де қалқан болайын,
Болайын сая-бұршақтап жауса жаңбыр да!
Өлеңім жазсын жаныңның барлық жарасын!
Қабағыңды ашшы, қайғы мен мұңым тарасын!
«Келгенде көктем орнымнан тұрам» деп ең ғой,
Орныңнан тұршы, орныңнан тұршы, анашым!
Келді де көктем, ел- жұрттың бəрі жадырап,
Көкжасыл талға жалауын ілді шаңырақ,
Жетімдер өсіп, жесірлер келін алуда,
Қашанғы қайғы-уайымынан ажырап.
Қарашы анау, терезе жаққа қарашы!
Жасарып кетті қазақтың жайсаң даласы!
Ғажайып мынау өмірдің əнін айтуда.
Жер менен көктің, көк пенен жердің арасы!
Ауырмаса екен анасы бардың баласы,
Ауырмаса екен баласы бардың анасы!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter