Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  136


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Жылап аққан су құсап жылғадағы...

Жылап аққан су құсап жылғадағы,
Бағынбастан ырқыма жыл барады.
Үш жарым жыл, мінеки, асыл Анам,
Үлкен үйге мойынын бұрмағалы.
Жолаушыдай бататын кемедегі,
Сескентеді өткен жыл неге мені?
Үш жарым жыл, мінеки, асыл Анам,
«Айналайын», «шырағым» демегелі.
Шор боп бітті жүректің жара, қарны,
Тышқан-тірлік ойнағын салады əлі.
Үш жарым жыл, мінеки, отағасы,
Келіндердің қолына қарағалы.
Кезім еді болатын дұшпаным құл,
Тек сынаумен өтетін тұс па, құрғыр.
Тəнті болдым, əр істің жөнін тапқыш,
Ісіне Тағдыр деген ұстаның бұл!
Ана, шіркін, ақыл мен түсті алып жүр,
Ажал мені жаз бағып, қыс бағып жүр.
Үрейімді ұшырып біттің менің,
Үш жарым жыл, нəлеті, үш жарым жыл.
Толтырумен үй менен қолды алтынға,
Ұмтылып жүр біреулер болмайтынға.
...Төсегіне Анамның көп қарадым,
Бүгін келіп ұқсайды қонбайтынға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу