Өлеңдер ✍️
Есіңде ме өте жас кездеріміз...
Есіңде ме өте жас кездеріміз,
Қиялменен әлемді кезгеніміз?
Ойламайтын едік қой
Дүниеде
Адалдықтан артық деп өзгені біз.
Әділдікті соншама бағаладық,
Жақсылықтың ауылын жағаладық.
Таза болса кім -
Соны қолдадық та,
Қиындыққа қиын деп қарамадық.
Көктемде емес,
Піссе де жеміс күзде,
Бәрі бірдей болатын тегіс бізге.
Қайтпайтынбыз алған бір бетімізден.
Болатын-ды қуаныш,
Жеңіс бізде.
Иә, біздер дәл солай болатынбыз,
Жаңалықты тез қабыл алатынбыз.
Жақтап тұрып дұрысты –
Жанатынбыз,
Соттап тұрып бұрысты, -
Тоңатынбыз.
Еркін болып,
Өстік біз ырқымызбен,
Күн сәулесі қосылды күлкімізбен,
Жетсек дедік алдағы армандарға
Адал,
Шыншыл,
Отаншыл рухымызбен.
Жамылмай-ақ жібекті иініміз,
Қуанышқа шығатын бүйіріміз.
Қызықпаушы ек дүние-мүлікке де,
Бір-ақ сандық болатын бұйымымыз.
Бірақ біздің армандар керемет-тін,
Соны бүгін келеді өлең еткім.
Өнер менен ғылымнан іздейтінбіз
Бәрін-бәрін адамға не керектің.
Ойымызбен біздердің мадақталып,
Болашаққа жалғасып,
Сабақталып,
Ғасырлардың қойнынан келетін де,
Муза біткен қайтатын қонақ болып.
Ғарыштарға тартатын жолдарымыз,
Тоқсан түрлі болатын толғамымыз.
Көз-көреген,
Құлақ – сақ,
Сезім – сергек,
Жұлдыздарға жететін қолдарымыз.
Жанатын-ды жоғары жұлдызымыз,
Өзі де сол болатын шындығымыз.
Өйткені біз
Әрі еркін,
Әрі батыр
Ұлы Қазақ елінің ұл-қызымыз.
Ортақтасып табиғат тағдырына,
Сүйсінетін едік қой таң нұрына.
Маңайдағы тіршілік атаулының
Бізге туыс болатын барлығы да.
Бәрі қызық,
Қызық-ты сол күйіміз,
Көк аспандай биік-ті көңіліміз.
Кіп-кішкентай пәтерде тұрсақ-тағы,
Бүкіл қала болатын өз үйіміз.
Есіңде ме,
Еске алшы, жаным, жарым,
Есіңе алшы бір рет соның бәрін.
Болашақты басқаша елестетіп,
Біз басқаша ұқтық па өмір заңын?!
Қалай кейбір құлқынды жасыра алам,
Қалай оған «дұрыс» деп қосыла алам?
Біздер осы қоғамның мүшесіміз,
Ортақ және біздерге осы қоғам.
Олай болса,
Жоқ меншік,
Жоқ менікі.
Олай болса,
Жоқ меншік,
Жоқ сенікі.
Жоқ ешқандай бөлетін,
Бөлісетін:
«Құлақ саған,
Бас соған,
Төс менікі!»
Өмірім мен шындығым осы менің,
Жаным, сенен бар менің өтінерім –
Кешірмеймін дүние қусаң егер,
Одан басқа қатеңді кешірермін.
Жұбатуға болады жылағанды,
Тұрғызуға болады құлағанды.
Алтын көріп бірақ та,
Жолдан тайып,
Алдаймын деп ойлама бір адамды.
Сақ бол, жаным ,
Қу, пысық...
Осыларға
Жақындама... құлқыннан досы барға...
Адал жолдан сырғақтап дүние үшін,
Ардан безем дегенді есіңе алма.
Керегі жоқ пайданың ешқашан да,
Сыбағаңнан кей кезде кеш қалсаң да.
Өзің адал болмасаң,
Қажеті не
Періштенің өзімен дос болсаң да?!
Бола көрме үміткер
Жұрт ұнатқан
Сыңғырлақ пен сыңсыған жылтырқтан.
Сол жылтырақ –
Көз құрты сүйрей-сүйрей,
Көріп жүрміз пендені қырсық атқан.
Тәуірлігін осы бір дүниенің
Сала көрме есіме жиі менің.
Дүние емес,
Мен сенің жүзіңдегі
Қанағатқа қарыз боп,
Сүйінемін.
Солай, солай,
Мен сені бағалаймын.
Керегі жоқ алтынның,
Таң арайлым!
Үстің толы жақұтсыз,
Меруертсіз
Әдемі емес деп сені санамаймын.
Өйткені сен ақынның әйелісің,
Соның жыры,
Өлеңі,
Әуенісің.
Алпыншақ пен салпыншақ орамаған,
Қарапайым қалпыңда-ақ әдемісің.
Тұнжырамай,
Кей сәтте тұйықталмай,
Қызғаншақтық шоғына күйіп қалмай,
Жылтырақпен қапталған жұрт алдында
Сабырлы бір қалпыңмен биік болғай.
Жақсы болсақ,
Таңымыз атар күліп,
Және солай кешіміз батар күліп,.
Небір жарқын мақсатқа жете аламыз
Қарапайым халықпен қатар жүріп.
Солай, жаным,
Мен сені алдамаймын,
Сен өзісің
Көктегі толған айдың.
Менің осы сөзімді бағаласаң,
Әйел деген даңқыңды қорламаймын.
Сүйем сені,
Қалайша сүйе алмаймын,
Жаман атқа мен сені қия алмаймын.
Биік тұрған басымды төмен иіп,
Сені биік ұстауға ұялмаймын.
Маған сені өзіңсің сүйікті етер,
Және өзіңсің өлтірер,
Күйікті етер.
Қайда,
Қашан,
Қалайда шаң жұқтырмай,
Әйел деген даңқыңды
Биік көтер!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter