Өлеңдер ✍️
Бала тоғай
–Күн демалыс,
сейіл құрып,
Қыдырып,
Көк шалғынға асыр салып,
Жығылып,
Тоғай жаққа барып қайтсақ, -дедім мен
Дос қызыма қиылған бір көңілмен.
Егер менің айтқаныма сенсеңіз,
Ол бір өзі жаны мөлдір,
Ерке қыз,
Қызық өзі секілді бір ер бала
Ыстық оған арғымақ пен кең дала.
Куә оған мынау жер мен таң міне,
Айтатынбыз достық жайлы әңгіме.
Сілкіп тастап екі бірдей бұрымды,
Сол тыңдаған менің тұңғыш жырымды.
Болашақтан,
Мені үздірмей үміттен,
Былай деген бірде ерке қылықпен:
– Ертең жақсы жаза аласың сенемін,
Әлсіз бірақ әлі мынау өлеңің.
...Бір қуарып,
Бір сұрланып мен қалдым,
Кетті ол сүңгіп арасына талдардың.
Қыз сөзіне сәл көңілім қалғанмен,
Бойдағы бір қызу қанмен,
Арманмен.
Қыз соңынан мен де бірге ұмтылдым,
Бізге мәз боп қарап қалды сылқым күн.
Сақ-сақ күліп таудың тентек бұлағы.
Жапырақтар тігіп қалқан құлағын,
Қалайсың деп арманыңды ұстауға,
Мені сынап тұрған сынды құстар да.
Жаным қалмай қыз соңынан жүгіргем,
Кеудемдегі бір белгісіз дірілмен.
Міне, қызық бұны болжап кім білген.
Сыр шертісіп тұрды біреу құрбыммен.
Сірә намыс,
Жарқ-жұрқ етіп көзімде от,
Жетіп бардым
– Мықтысың-ау өзің,- деп.
Осындай ем,
Қызу қанды ем,
Ыстық ем,
Бір шайқастың жөні келді «күштімен».
Анау бірақ байсалды екен,
Ойлы екен.
– Ақылға кел,
Қызуланба,
Қой, көкем.
Сен соншама бүлінетін не болды?
Тәуір жазад деп естіп ем өлеңді.
Одан-дағы жақсысынан бір-екі
Тыңдайық біз, ақын бала, жыр оқы,–
Деп өтінді,
Осы нені сезер деп,
Махаббаттан кеттім оқып, өзеуреп.
Тыңдап болып,
Шытыңқырап қабағын,
– Түбі мықты ақынсың сен, қарағым,
Ой, сезімге бай екенсің өлеңдік.
Бірақ әлі жетпей жатыр шеберлік,–
Деді-дағы кете барды жолменен,
Құрбымды да бөліп алып ол менен.
Кете барды...
Өзіме-өзім мен налып,
Қала бердім түк түсінбей таңданып.
Жылдар өтті...
Жігіт болдым мен енді,
Және өзімше жазып жүрмін өлеңді.
Еске алуды көрдім-дағы қолайлы,
Араладым бала күнгі тоғайды.
Есіме алдым өткен-кеткен күндерді,
Балалықтан қалды ма деп бір белгі.
Қалмады ма әлде соның іздері,
Кетті ме ұшып жапырақтай күздегі.
Күтпеп едім,
Міне қызық,
Тамаша,
Арсалаңдап жетіп келіп балаша;
–Мұнда соқпай айтшы қанша жыл жүрдің?–
Деп күлімдеп қарсы алдымда тұр құрбым.
Жүзімдегі байқадыма кірбіңді
Мұңданды ол да,
Ол да жүзін сындырды.
– Түсінбепсің бала едік қой біз онда,
Біле білсең өмір – ағаш,
Қыз – алма.
Біле білсең уақыт – ағаш,
Бала – алма,
Көк кезінде олар тәтті болар ма?!
Ызғар шалып кетпесін деп көктемгі,
Сонда мені ағам ертіп кеткен-ді,–
Деді-дағы жақындады ол маған,
Секілденіп қайта туған арман – ән.
Осы кезде көзім түсті қызығып,
Жиделерге пісіп тұрған үзіліп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter