Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  118


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Кірме менің түсіме..

Неге менің түсіме ене бересің,
Ойымызды ойрандайсың,
Бөлесің.
Ақыры кеттің, оралмай-ақ қой енді,
Келем дейсің,
Неменеге келесің?
Жастандың ба туған жерді,
Жаттың ба,
Біржолата тәтті ұйқыға баттың ба!
Енді келем дегеніңмен бұл жақта
Саған қызық енді ештеңе жоқ мұнда.
Оу, анашым,
Қызық жансың қандайсың,
Түсіме еніп мазалайсың.
Болмайсың.
Мүмкін болып бұл жақтағы өмірге
Келгенменен енді үйрене алмайсың.
Келгенменен көре алмайсың көктемді,
Сенің өткен күндеріңнен жоқ белгі.
Сен ешкімді және тани алмайсың,
Дүниенің бәрі өзгеріп кеткен-ді.
Қайтесің бұл дүниенің жарығын,
Тек қайырын берсін енді бәрінің,
Өзге түгіл ұл-қызыңның өзіңнің –
Біздерді де мүмкін емес тануың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу