Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  144


Автор: Ғалым Жайлыбай

Лэйла қыз

Ақын деген– кейде бала,
Кейде абыз,
ғұмыры да кейде ертегі,
кейде аңыз.
Башқұрттардың аңыратқан арманын
Ақеділдің жағасында Лэйла қыз.
Жанарыңда бір қуаныш,
бір қайғың,
Көңіліңнің көк толқынын тыңдаймын.
Шанағынан күй ұшырып қобыздың
Сағағынан әуен үздің қурайдың.
Сен ән салдың...
Сосын мен де шырқадым,
Тіршіліктің бірге көріп бір таңын.
Ақеділдің толқындары толғатып
Жарықтары жарқырады Уфаның.
Төбемізден қалқып өтті құстай күн,
Құстай күнмен бірге неге ұшпаймын?
Мен жырларын жатқа оқыдым Мағжанның
Сен өлеңін өбектедің Мұстайдың.
Лэйла сұлу,
Сендей қызды сүйген кім,
Шалқыдым да шабытты бір күйге ендім.
Армандарын арғымақтай
аңсаттың
Сайфи Құдаш,
Мәжит Ғафурилердің.
Атар таңнан Алашыма бақ сұрап,
Ақеділде арман қалды
ақ шырақ. – Башқұрт болған қандай бақыт
дедің сен, – Қазақ болу, әрине, одан жақсырақ.
Екеумізге елеңдеді елік– қыр,
Елік қырдың мөлдір шығы еріп тұр.
Түбіміз бір,
Күбіміз бір жұрт едік –
– Жұбымыз бір болса – дегім келіп тұр...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу