Өлеңдер ✍️
Сағыныштан сарғыш тартып жүзі де...
Сағыныштан сарғыш тартып жүзі де,
Дәті жетпей мүлде күдер үзуге,
Естен тана жаздағанда жарынан
Бір хат келді қырық төрттің күзінде.
Ұмыт болды бар қайғысы, өз басы,
Тірі екен-ау сүйіктісі, жолдасы.
Хатты оқымай кеудесіне басты да,
Жылай берді тыйылмастан көз жасы.
Жылады ұзақ еш адамға жұбанбай,
Жылады ұзақ дауысын да шығармай.
Кешке қарай талықсыды келіншек,
Сол орнынан қайрат тауып тұра алмай.
Жатты талып, бас көтеріп отырмай,
Жанарының өшірді енді отын жәй,
Көзін жұмды, қысылды да жүрегі,
Үшбұрыш хат қалды солай оқылмай.
Білмейді енді ол кім жеңіліп, жеңгенін,
Білмейді енді ол тағы да хат келгенін.
Өз көзінің тірісінде, әйтеуір,
Естіген жоқ сүйгенінің өлгенін.
Келіншекті бар халінше ел көмді,
Қу қарағай белгі болып жерленді.
Аянышты бұл өлімге ай толмай,
Жігіттен де «қара қағаз» келген-ді.
Сол қыршын жас елге оралып келмеді,
Сәбиінің ержеткенін көрмеді.
Өз көзінің тірісінде, әйтеуір,
Алған жарын қара жерге көмбеді.
Бұл соғыста ұмыт болды қаншама ән,
Өшті осылай қаншама арман аңсаған.
Бір-бірінің тірі-өлісін отыз жыл
Өтсе-дағы біле алмай жүр қанша адам.
Мола қанша жапқан мәңгі гүл бетін,
Сақтап әр үй жас солдаттың суретін,
Отыз жылда әкесін бір көрмеген
Жер бетінде әлі қанша жүр жетім.
Не шара бар жүйрік уақыт тапса емін,
Жұбанышы болса әйелдің ақ сенім,
Әрбір үйде отыр бүгін әже боп
Жиырмасында жесір қалған жас келін.
Демесе де жоқтың орны толысты,
Көндікті олар, шүкір дейтін болысты.
Бірақ әлі кешірген жоқ өткенді,
Ұмытқан жоқ қарғыс атқыр соғысты...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter