Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
16.05.2022
152
Шаруам жоқ мансапқорда ел билеген...
Шаруам жоқ мансапқорда ел билеген,
Сайранға шыққаным жоқ сән күйменен.
Айтқаным – ана жыры, Жұбан аға,
Үш бала үш бесікте әлдилегем.
Арқалап туған жердің сағынышын,
Жүргем жоқ бір жақсылық табу үшін.
Басшы да, депутат та болғаным жоқ
Халқыма ақын қыз боп қалу үшін.
Ермедім саясатқа алып қашқан,
Әділет жолы ауыры анық жастан.
Жайықтың бір бағытқа ағатыны
Бойыма мінез болып қалыптасқан.
Кезім жоқ бұлғаңдаған, жылмаңдаған,
Жасырын жүрегімде сыр қалмаған.
Қолында билігі бар кей наданға
Емеспін мақала да, жыр да арнаған.
Айналмай шені бардың ермегіне,
Құмартып туған жердің көлдеріне.
Мен жүрмін өлең жазып, Жұбан аға,
Бұл күнде немеремнің жөргегіне.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter