Өлеңдер ✍️
Түс
Түсімде ұл туыппын жүрегі жоқ,
Темірден саусағы бар,
білегі көк.
Маңдайы қаңылтырмен қапталыпты,
Сәбише іңгәламай,
күледі кеп.
Қарайды айналаға қадалып құр,
Жанары мейірімсіз,
аларып тұр.
Балам ғой, емшегімді ұсынып ем,
Кеудемнен ақ сүт емес,
қан ағып тұр.
Созды да темір саусақ қолын әлгі,
Салды да ауызына омырауды,
Тойымсыз ашқарақтау жылдамдықпен
Сол қанды қас қағымда сорып алды.
Өсті де,
бесігінен тұрып кетті,
Мен жаққа қарамастан бұрып бетті.
Ойыншық тапаншаны көрші әкелген
Алды да,
есікті ашып шығып кетті.
Ұл көрем,
әп-әдемі жігіт көрем,
Түріне қарап іштей күдіктенем.
Адамның баласы ғой, хайуан емес,
Анаға оралар деп үміттенем.
Ағайын,
данаңыз бар, балаңыз бар,
Абайлап айналаға қараңыздар.
Қолында қаруы бар,
жүрегі жоқ
Қан емген жігіт кетті араңызға.
Бүгін мен ақын емес,
жәй анамын,
Ақ шашты заманға сай бояп алдым.
Ұл тапқан өңім бе,
әлде түсім бе деп
Әр таңда мең-зең болып оянамын
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter