Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  129


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Күй тыңдап отырғанда

Қос шекті күмбірлетіп күй ағады,
Даланы дүмбірлетіп тұяқ әні.
Жас жігіт жалт қарайды,
Сұлу қыз ұялады.
Қас жүйрік бір-біріне қарсы ағады,
Тарайды құйрық-жалын таң самалы,
Ата-ана күдіктеніп,
Жеңгелер ән салады.
От көңіл лапылдайды қас қағымда,
Жастық шақ күн сөнбеген аспанында.
Жігіттің кетті арманы
Кербездің шашбауында,
Пернелер дірілдейді күдік еніп,
Тағдырға біреу көнбей, бірі көніп.
Айтады алуан сырды
Домбыра күңіреніп.
Алдыңнан есілдіріп көктем желін,
Баяндап қайта өмірдің өткелдерін,
Тағдырын салады еске
Арманда кеткендердің.
Қос шекті кейде саусақ баяу қағып,
Көңілдің алуан күйін жаяды анық.
Әр күйде бір-бір дастан
Бітеді баяндалып.
Бойға бір әсер құйып дуылдаған,
Күй бітті. Көңіл әлі суынбаған.
Күй-өмір қысқа неткен,
Уақыт-ай зуылдаған!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу