Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  153


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Ойлану

Ал, ойлан, кеңес енді арыңменен,
Кешегі кім боп шықты дарын деген?
Адалға қиянатың тимеді ме,
Сөйлесіп қара өткен шағыңменен.
Жарқын ба қара жүзің жаңа таңға?
Жасадың не жақсылық балапанға?
Абайсыз араласып кетпедің бе
Алалап соғылатын алақанға?
Өткінші жүйрік өмір, жаз-бағың да,
Қол соғып өтіріктің озғанына,
Жағымпаз алаяқты ел алдында
Мақтаған бір мақала жазбадың ба?
Тағдырын қалай шештің өлеңдердің,
Кімдердің той төрінде көлеңдедің?
Алдына кімді қойып сөйлеп едің
Жұмекен, Мұқағали, Төлегеннің?
Ал, ойлан, қайта құру, өзгергенді,
Санаңды жаңартатын кез келеді.
Асықпайтын төреші Уақыт деген
Шындыққа мінбесінен сөз береді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу