Өлеңдер ✍️
Боздәурен
Базары жас көңілдің тарқасын ба,
Әкенің дәулет бағы арқасында,
Алаңсыз бұлаң қағып өсті Мұхит
Екі аға, екі інінің ортасында.
Ер жетті.
Бауырлармен табыспады.
Күннен-күн әке үміті алыстады.
Серілік құрып кеткен Мұхиты үшін
Мералы талай жерде намыстанды.
Алғашта деп жүр еді жас бала ғой,
Ер жетіп, жетер болса, басталар ой.
Төренің тұқымына ел билемей,
Домбыра қуып кету масқара ғой.
Әкесі айтқанымен бар ақылын,
Алатын көрінбеді бала тілін.
Тон тозып, уақыт озып, қайдан білсін
Мұхиттің әні мәңгі қалатынын.
Отырып сөйлесті әке талай-талай,
«Мінезі мынау ұлдың қалай-қалай?
Оясыз болды неткен!» – деп күйзелді,
Ал Мұхит ән ойлады, мал ойламай.
Ол бірде әке сөзін ойланды да,
Бас изеп талабына қойған мына,
Кеселі ағайынға тимеу үшін
Келісті ауылнай боп сайлануға.
Қаумалап туған-туыс күштеді ме,
Кірісті Мұхит солай іске, міне.
Мералы елін жинап, той жасады
Әулекі ұл дұрыс жолға түскеніне.
Жүректің бұл емес-ті сұрағаны,
Әншіге әкімшілік ұнамады.
Асықты мөр, биліктен құтылуға,
Шамасы жарты жылға шыдамады.
Аңсады ол думан-тойды ән салатын,
Сезімнің тербететін бал сағатын.
Аңсады ол қызыл-жасыл қыз-жігіттің
Ортасын қошаметпен қарсы алатын.
Ағытып көкірегінен серпінді үнді,
Аңсады ол ән шырқайтын еркін күнді.
Қолына домбыра алып қырға шықса,
Сиқыр күш қанат байлап желпіндірді.
Сол өнер талай жерді аралатты,
Жорғаны күміс тұрман тағалатты.
Осылай ат жететін айналаға
«Мұхит әнші» атанып бара жатты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter