Өлеңдер ✍️
Кездесу
Жас жігіт келді жақында
Ауыл жоқ оны шеттеткен.
Айтпастан мүлде атын да,
«Инженер бала» деп кеткен.
Бір күні сәлем бергелі
Әжеме келді сол бала.
Ежелгі әдет елдегі
Үлкенді сыйлау жол ғана.
Қол алды әжем күлімдеп,
Көргендей ескі танысын.
«Өркенің өссін, ұлым!» деп
Жаудырып жатыр алғысын.
Хал-жайын жәймен сұрады,
Сұрады жігіт есімін.
«Ата-анаң қайда тұрады?
Мекені қайда осы күн?»
Мұң басты жігіт жанарын,
Аға жоқ, іні ермеген.
Аяулы асыл ананың
Жүзін де анық көрмеген.
Жетімдік батып жанына,
Көп екен кезі жасыған.
Қол созып өнер таңына,
«Детдомда» болған жасынан.
Жақында білген дүние
Ашқанын мұнда есігін.
Ескерткіш еткен бүгінге
Бекәлі әке есімін.
Үзілді кенет әңгіме,
Кетпеді қайта басталып.
Әжемнің кетті әлгіде
Көзінен тамшы жас тамып.
Ішіне тартып бар демін,
Отырып қалды ойланып.
Түсірді еске әрнені,
Жылдарды өткен ойға алып.
«Бұл күнде, –
дейді, – қартайдым,
Құлақтың тағы кемі бар.
Даусыңның, балам, байқаймын,
Әкеңе тартқан жері бар».
Құбылды жігіт жаз өңі,
Қалмады бойда сәл төзім.
Айтпақшы болған әжемнің
Асыға күтті әр сөзін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter