Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  237


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Жан апа, жақсы бол деп айта бердің...

Жан апа, жақсы бол деп айта бердің,
(Әрине, оң-солыңды байқа дедің).
Әділдік – арман деп ем бала күнгі,
Қайта құру кезінде қайта көрдім.
Киіктей кей пендеден үріккенмен,
Жүректі жылытқан ем үмітпенен.
Кешір сен, мен өзіңше аңқылдамай,
Қарадым кей адамға күдікпенен.
Кім сатқын, кім жағымпаз, сезем енді,
Жалған бақ, білем кімнің өз еңбегі.
Өзімнің ғасырыма ризамын,
Шындықты бетке айтатын кезең келді.
Біраз жыл шабысымнан баяуладым,
Шаршатты орындалмай ой-арманым.
Баяғы бала пейіл, пәк жүректің
Жаза алмай қиналамын аяулы әнін.
Жан апа, турашылдау өскен едім,
Әділдік қашан келсе кеш демедім.
Әлі де екіжүзді пенделерден
Сатқындық көрем-ау деп сескенемін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу