Өлеңдер ✍️
Әкенің өсиеті
Үміттің соңғы жұлдызы
Сөнердей, бойдан әл тайды.
Өсіріп түгел ұл-қызды,
Әкенің өзі қартайды.
Кешегі кешкен басынан
Ұмыт та болды көп қызық.
Мүгедек болды жасынан,
Соғысты бастан өткізіп.
Оралып аман Берлиннен,
Тойлады Жеңіс көктемін.
Дән екті жерге бір қолмен,
Диқанның ұстап кетпенін.
Күн менен аяз қарыған
Төсінен дала нәр алып...
Даладан бойға дарыған
Сағым боп қалған даналық.
Армансыз кезген белестер,
Өзіне таныс жол да ана.
Көзіне бүгін елестеп,
Дөңгелеп жатты сол дала.
Алғанмен әке есіне
Жат жұртта жүрген бар қызын,
Шақыртып алды кешіне
Сағынып көрген жалғызын.
Кәрілік білді ол жеңгенін,
Өсиет айтты балаға:
«Бүгіннен бастап сен мені
Тірекке, – деді, – санама.
Жетімдік жайлы ойлама,
Көрмейсің қорлық ешкімнен.
Ақылды болсаң қайда да
Сөзіңді сыйлар ес білген.
Жалындап тұрған шағыңда
Мені ойлап сынба, өкінбе,
Жерле тек шағын ауылға,
Өзеннің арғы бетіне.
Жігіт боп сонда өрлеу де,
Өзіңді сонда өпкенмін.
Жеткізсең мені сол жерге,
Риза боп саған кеткенім».
Ықпаған оқтан, өлімнен,
Алмаған тілін адамның,
Айрылу туған жерінен
Қайғысы болған бабамның.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter