Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
15.05.2022
136
Ол кезде
Түбіне жас жүректің ыза тұнған,
Тарихқа наз айтамын қыз атымнан.
Он үште болады деп отау иесі,
Оң жақтан менің әжем ұзатылған.
Ол күннің жайлары көп біз білмеген,
Гүл бар ма сабағынан үзілмеген.
Мал беріп сатып алған сол жігіттің
Көрмепті бұрын әжем жүзін мүлдем.
Таққанмен саусағына топ жүзікті,
Қыз болып көрмеген ол көп қызықты.
Анаға еркелейтін балғын шағын
Өзгеге келін болып өткізіпті.
Ауыр ой ізін салған гүл өңіне,
Болмапты оның қабыл тілегі де.
Жүргенмен мал бергеннің жары болып,
Сақтапты бір есімді жүрегіне...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter