Өлеңдер ✍️
Ақын сезімі
Бал сезімдер бүршік жарған бөктердің
Баурайында мен де талай боп көрдім.
Ғажабы көп, тозағы көп сан түрлі
Сезімдердің бәрін бастан өткердім.
Мәпелеумен сезім атты шынарды,
Мәз боп талай қуандым да қуардым.
Көңіліме алғаш көктем орнатқан
Бір қыз мені ақын қылып шығарды.
Бір қыз маған балдай бақыт сыйлады,
Бір қыз мені ғұмыр бойы қинады.
Болашаққа жеткізеді деп сенген
Кемем талай быт
-шыт болып қирады.
Көңілімнің солды қанша құрағы,
Соншама рет сөнді сенім шырағы.
Содан ба екен, Қозыдан да бақытсыз
Қодарға ылғи жаным ашып тұрады.
Бақ құсына қолы жетпей қалған көп,
Содан да өмір көрінеді жалған боп.
Қыз Жібектей ару күткен жолында
Төлегенде шынында да арман жоқ.
Көңіл қошта, бас
-аяғың аманда,
Қонған бақты бағаламау жаман да.
Сонау шақта, Жастықтың от күнінде
Бір қыз ғашық болып еді маған да.
Кім тапсырған бестікке өмір сынақты,
Мені де ұстаз
– уақыт сыннан құлатты.
Есер жанды ессіз сүйген сол ару
Әлі күнге жылап жүрген сияқты.
Қарай алман сұлуларға сыздана,
Құмар болдым бір күн көрген қызға да.
Қиығын да салмай өткен көзінің
Күлімкөзге өлең жаздым қызғана.
Мен өмірдің қай бір сырын ұғыппын,
Жолықты ғой сан сұлулар қылықты.
Өте шықты бәрі ізін қалдырып,
Жүрегіне тұнжыр көзді жігіттің.
Ұяңдаумын, Әлде мүлдем жасықпын,
Айта алмадым жан сырымды ашып тым.
Алтын таңның арайындай ақ қыздар,
Мен сендерге әлі күнге ғашықпын!
Дегеніне көне бермес ақылдың
Өлеңімде жатыр шаттық, жатыр мұң.
Сезім өлген шақта өлең өледі,
Өмірге ол ғашықтығы ақынның.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter