Өлеңдер ✍️
Қолайсыздау қоштастық-ау бүгін де....
Қолайсыздау қоштастық-ау бүгін де,
Қандай ауыр, десем дағы “күйінбе”.
Мені бір жан кеп қалар деп алаңдап,
Сені бір жан күтіп отыр үйіңде.
Жақын да емес, алыс та емес арамыз,
Бәрін екшеп, шешкен салқын санамыз.
Қазір нағыз данышпанға айналған
Сонау жылғы ессіз жігіт,
Бала қыз.
Алаңдатып күйбең тірлік, от басы,
Дегенді де айта алмаймыз “тоқташы”.
Өмір қатаң ережеге бағынған
Қиын шатраш ойынының тақтасы.
Алысқа ұзап кете алмаймыз жағадан,
Сырыңды да сезбеу керек жан адам.
Адымыңды аттатпайды ілгері
Парыз, ұят дейтін ала бағанаң.
Жүре алмаймыз ережеден тысқары,
Ойға да бір бару қиын ұшқары.
Дәл осылай мұңға бөлеп даланы
Қайтатын-ды қоңыр күздің құстары.
Жалықпаушы ек бір жүрсек те күніге,
Қайтем, қайта бересің де үйіңе.
Өкінішпен қашанда аяқталар
Қамшы сабы секілді бұл дүние.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter