Өлеңдер ✍️
Алғашқы рет құшағымда тұрсың сен...
Алғашқы рет құшағымда тұрсың сен,
Аспан құлап кететіндей күрсінсем.
Қайғым менің, қасыма да қимайтын
Түсіне алмай жүрмін әлі, кімсің сен!?
Аймаладым арманым деп, күнім деп,
Амалым не, селт етпедің біріне.
Мен бақытты болмас па едім, дүние,
Жалғыз рет жалт қарасаң күлімдеп.
Бақытты боп көрсем деп ем кемді күн,
Қара тас боп кеткендейсің сен бүгін.
Еркімменен құшып-сүйіп тұрсам да
Әурешілік екен менің ендігім.
Қош бол деп те айта алмадым, қиналдым,
Не қалды енді, немді сонша қимаймын?
Қош бол, қалқам, ескерткішке мен саған
Қан саулаған жүрегімді сыйлаймын.
Менің жалғыз жүрегім бар жырымда,
Сырым да осы,
Қуанышым,
Мұңым да.
Жырымды сен құлым деме тек қана,
Аяғыма жығылғын деп бұйырма.
Ақ таң келсе ақ дидары күлімдеп,
Бақыт тұнса жанарыңа дірілдеп.
Жүрегімді онда менің отқа өрте,
Мұңайтпасын сені мұңлы жырым кеп.
Қайғы келсе қара жамыл, күйін деп,
Қара жер де кетер болса дірілдеп.
Жүрегімді онда да отқа бұрын сал,
Сен үшін ол жанып кетсін дүрілдеп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter