Өлеңдер ✍️
Келеді күлтеленіп...
Бөлекше бөзге ораған боз даланы,
Сары ала сағым сел түс қозғалады.
Түбінде ірі ақын болармын мен,
Келеді күлтеленіп сөз балағы.
Сағым да, өлеңім де алдырмастан,
Мысалы, жел қуалай жал бір қашқан.
Түтінге ыстай-ыстай кеуіп қалған,
Келтірді көз алдыма қалбырды аспан.
Қалбырың жөнсіз кейде қаудырайды,
Берместен ұшқын шаша бауға райды.
Күн құлап күміс құлақ көкжиекке,
Сонан соң көрсем деймін жəудір Айды.
Əзірше көз суарып сағым көшпе,
Салады жылан бауыр ағынды еске.
Дүние өшер-көшер, бірақ та мен
Сүйектей сындырмаспын сағымды, ешке.
Со тұс тұр үйеңкідей күлтеленіп,
Өмірді жалын жеген білте делік.
Кей-кейде сəби жерге Күн де иіп,
Төс сауып көрсетеді бұлт енелік.
Мұқаңдай сағымнан соң сағым барын,
Түйсікпен үрпі іздеген бағымдадым.
Жалған да жапырақтай жанып кетер,
Ей, менің əз жүрегім қағынбағын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter