Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
15.05.2022
171
Сексеннің сеңгірінен асқан Аға...
Сексеннің сеңгірінен асқан Аға,
Ауылдық аума тірлік бастала ма?
Отырмын қармақ салып дарияға,
Қамалып қала бермей тас қалада.
Отты күн су сағалап өртің өшті,
Жел де жоқ желбір желең еркін есті.
Тораңғыл басындағы қарға ұясы,
Салады еске атамның бөркін ескі.
Ашылар, не ашылмас қайта бағым,
Сүліктей түннен тартқан Ай табағын, –
Жан адам сезінбейтін мұңды сезіп,
Жас талдай желді күнгі шайқаламын.
Қамыстың үрпегінен ұшып қырбаң,
Тұр сиыр шөл бастысын ішіп Сырдан.
Кетті əне қоюланып сумен бірге,
Ағаштың көлеңкесі түсіп тұрған.
Тоғысқан сіңір соқпақ тармақ тартты,
Күрсініп толқын жеген жар жақ жатты.
Отырған қандай жақсы Сыр жағаңда,
Балығың болмаса да қармақ қапты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter