Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  162


Автор: Аманхан Əлімұлы

Келе-тұғын, мысалы, бірсін дерге...

Келе-тұғын, мысалы, бірсін дерге,
Үзілетін түбінде жүрсін демде, –
Сырдария жататын толқын атып,
Су иесі Сүлеймен күрсінгенде.
Отыратын жағада қармақ салып,
Сары бала күн жеді жармақ қалып.
Ауыл сайда, сонан соң қабір қырда,
Жол қашатын тоғайдан тармақталып.
Ұқсай-тұғын тірлігі кірмесінге,
Қаншама кез білмеймін жүрді есіңде.
Түн жамылып жылайтын шибөрілер,
Аңғал-саңғал ауылдың іргесінде.
Со бір бала мінезін бұла ашқанда,
Жұмбақ-сынды қарайтын ұлы аспанға, –
Қоржын тамнан басталған тіршілігі,
Көп қабатты үйлермен ұласқанда.
Жүрдім-бардым жайларды сұраспайтын,
Менің жастық болмысым қыр асты, айқын.
Дір-дір еткен қалыппен кірпік қақты,
Жұлдыздар да əйтсе де сыр ашпайтын.
Тірлік шіркін бұлақтай тұнғасын ба,
Көнбей-тұғын бүгінде тыңдасынға, –
Өтті-кетті мезгілді куə етіп,
Отырмын мен шаршаулы, мұң қасымда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу