Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
15.05.2022
118
Сағынышын айтшы кім ұғар жастың...
Сағынышын айтшы кім ұғар жастың,
Жатаған там жадымнан шығармаспын.
Құлақ түрiп сырттағы құбылысқа,
Қаншама мен құныға құмар бастым.
Жел сəбидей жылайтын тартып iшiн,
Табиғаттың сезгендей артық iсiн.
Шамнан түсiп тұратын қабырғаға,
Көлеңкесi iнiмнiң жарты пiшiм.
Есiттiрмес беймезгiл ешкi үнiн де,
Желдiң арты ұласып сестi күнге, –
Көк түтiнге көмiлiп отыратын,
Апам көне көмейлi пеш түбiнде.
Ақырында қараусыз аты қалған,
Шыға-тұғын сары шал шатып алдан.
Ақжемденiп жататын алакеуiм,
Жол арқандай созылып жатып алған.
Келген кезде ауылда құмар басқым,
Сағынышқа сарыала мұң арластың.
Балшық жапқан үстiне көк шығатын,
Қоржын тамды жадымнан шығармаспын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter