Өлеңдер ✍️
Күзгі жолда
Көңiлсiздеу келемiн күзгi жолмен,
Жел басымнан сипайды сызды қолмен.
Аят оқып ол менi жұбатады,
Есiсiнде бойды алған iзгi мол дем.
Сидаң бойлы сиреген селеу де ана,
Құпия бiр сыр шерттi бебеу қаға.
Жалғыздың жары Құдай, мына көрiнiс,
Көңiлдi жұбататын демеу ғана.
Уақыт жүзiмдi жеп, белдi үздi,
Сыпырып алып кетер ендiгi iздi, –
Сызы мен есiсiнде iзгiлiк бар,
Ұнатам желбiр-желең желдi күзгi.
Жүрегiм əлде неден налып састы,
Қоғам-ай, шiрiп бiткен балық басты.
Күзгi жол жеткiзбейдi, мен келемiн,
Есiме жайлар түсiп алып қашты.
Үстiнде жолдың күндi өткiз мейлi,
Шетсiз де шексiз дала жеткiзбейдi.
Көкжиек көздi сорып, ұшпа көңiл,
Жаныма жалау болар септi iздейдi.
Қасқа жол төбесiнде бұлт көшкен,
Күндiзгi бар ұмытып былықты естен, –
Бойыңды бiрте-бiрте жаза келе,
Астасып кетерсiң-ау тұнық кешпен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter