Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
15.05.2022
151
Жалғыздық
Көретін жүзін жоқ айна,
Куə етіп жұлдыз, бұла Айды, –
Жападан жалғыз тоғайда,
Сықпа бел сұлу жылайды.
Басы ма, баспа уайымның,
Оқиды аят желең жел.
Ұққандай сырын қайыңның,
Бүк түсіп жатыр белең-бел.
Сынаптай сырғып лайлы,
Сырдағы сылдыр қақпайды.
Мұң кешкен қайың бұла Айды,
Алқа етіп ол да тақпайды.
Ақ қайың, Ару, Ай кезбе,
Тіршілік құрған қақпан бар.
Бақытты болған қай кезде,
Жалғыздық дəмін татқандар.
Элегиялық тыныштық,
Жаулап та алды жүректі.
Бір ғана сəттік тынысты ұқ,
Жапырақ жалқы дір етті.
Ақ қайың жалғыз, Ай да тұл,
Алданып қалған ерке қыз.
Ұғатын біздер жай ма бұл,
Сыр ғана жырмен шертеміз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter