Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  104


Автор: Аманхан Əлімұлы

Ауылға барғанымда бір жылы мен...

Ауылға барғанымда бір жылы мен,
Қайтқанмын сырласа алмай қыр гүлімен.
Өмірден өтті əкем шілде айында,
Тірліктің салқыны есіп тұрды үнінен.
Келесі жылы тағы барғанымда,
Анам да тұрды өмірдің жар жағында.
Енді бір жолым түскен кезде ажал,
Тастапты жан ағама қармағын да.
О, өмір, дей алмаймын осыңды епті,
Найзағай тілгендей-ақ тосын көкті, –
Сияқты жаздай күзге ерте ұрынған,
Өмірден жастай, əттең, досым да өтті.
Ажал да аза күйін тұр ма шерте,
Қақпандай əккі аңшы құрған ерте, –
Тоқымдай тозып бітіп тоғайы да,
Тартылып табан қалды Сырдан ерке.
Көңілге күпті таппас дəруге емді,
О, өмір, өткінші ме ең ару демді.
Қайғы-мұң ұялатқан жүрегіме,
Қорқамын жиі ауылға баруға енді




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу