Өлеңдер ✍️
Аңсау
Қуалай соққан кезде белдеуменен,
Етегін көйлегінің жел кеулеген, –
Сен болсаң биші едің буыны босаң,
Мен болсам ақын едім ел беу деген.
Құбылма қылық жанның бұлты десек,
Береміз Алла алдында бір күн есеп.
Текемет сияқтанып күйе түскен,
Көңілді жеп біттің-ау шіркін, өсек.
Су кешіп, тау мен тасты келгенде асып,
Ей, сезім, жанды қалған селме ең басып.
Жел қуып бара жатты жапырақты,
Жапырақ бара жатты желден қашып.
Менімен бірге елге күз-ау келген,
Есімде құлаған кез бұзау белден.
Сағыныш саған деген сары белдік,
Еш мұрша бере қоймас ұзауға елден.
Бəрібір ырғалмаңыз, ырғалыңыз,
Өткен шақ куə болып сырғалы қыз, –
Сүйісіп ауырғанша ерініміз,
Жадымда таң атқанша тұрғанымыз.
Уақыт өтті, кетті жел кеулеген,
Қуалай соққан жолды белдеуменен.
Жоқ қазір сол биші қыз буыны босаң,
Жоқ қазір сол ақын да ел беу деген
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter