Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  111


Автор: Аманхан Əлімұлы

Сұрақ

Көктем шыға қозғалып елді еліткен,
Керген Сырдың кеудесін сел желік пе ең?
Неге боран азынап тұрады да,
Ішін тартып ұлиді жел неліктен?
Деуге сірə, келмейтін теңесті айлаң,
Өткен өмір сын түзді емес пе, айнаң?
Көз алдыма көлбеңдеп көңіл жеді,
Келеді де тұрады елес қайдан?
Қарақұрым ел-жұртты елеңдеткен,
Құлаққа ұрды тыныштық терең неткен?
Алла салар түбінде таразыға,
Жан даусыңды есітпес керең деп пе ең?
Іше-тұғын сүт қайда шайға қатып,
Ойланамын жайлылау жайда жатып.
Шүпірлеген жұлдыздар қайдан шығып,
Ай да, Күн де кетеді қайда батып?
Уақыт та, бақыт та, шырақтарым,
Неге тауып алмайды тұрақтарын.
Əйтеуір бір білемін, мына, өмірде,
Сұрақтан соң таусылмас сұрақ барын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу