Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
15.05.2022
132
Кемпір
Аумайтын аума, тағдыр, қорғасыннан,
Қойды-ау арылмай-ақ сор басыңнан.
Секілді жоқшылықтың көлеңкесі,
Келеді ілбіп кемпір дорба асынған.
Мұң табы түскен ымырт көзіндегі,
Күліндей оттың өшкен сезім бе, еді.
Қайыстай қатпа жанның бойын алған,
Қашанға шыдар екен төзім легі.
Жайларды қай-қайдағы сезеді іші,
Жоқтықтың жан-жүрегін езе күші.
Кемпірдің суылдайды тұла бойы,
Көліктің шиқылдайды тезегіші.
Келмейтін ашып-жайды жарияға,
Мысалы, бұ дүние тар ұя ма?
Иесі шел көзденген нəн көліктің,
Салды айқай сағы сынды кəрияға.
Су суып, күннің көзі мұздағалы,
Кіділеу ашылмай тұр күз қабағы.
Көресі тірлігіне көнбістенген,
Кемпірдің жүрек тұсы сызданады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter