Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  238


Автор: Аманхан Əлімұлы

Мұң табынан шық тұнды көзіңдегі....

Мұң табынан шық тұнды көзіңдегі,
Сезіледі лықсыған сезім легі.
Жан сыздатып тұрған бір бұла дерттің,
Ей, уақыт сеземін өзіңде емі.
Жан-жүрегін жесе де неше нала,
Жинады есін емес пе, өсе бала, –
Кеше ғана арақпен жастықтықты улап,
Жастықпенен қоштасқан кеше ғана.
Бүгінде оның еңсесін қала езген,
Қалып артта бал шағы дала кезген.
Есек жеккен арбамен отын тасып,
Жақсы ауылда өскен ол бала кезден.
Самал көңіл қаншама есті ағыла,
Ерте бастан кірісіп кеш қамына, –
Жатаған там үстінде жата-тұғын,
Жұлдыздардың жете алмай еш санына.
Ұясынан шықпастан қоя ма Күн,
Дала қызғылт жосаға боянатын.
Тірлік қамын жейтіндей елден ерек,
Қоразбен бір ұйқыдан оянатын.
Малдың қайтқан өрістен намы нəсіп,
Қозы-лақтар жататын жамырасып.
Күйіп-пісіп жүретін жеңешесі,
Нандық кеткен мезгілсіз қамыры ашып.
Аңғартады тасқайрақ төзім нені,
Өшкен оттай көздегі сезім бе еді?
Көңіл-қозы қалаға көгенделген,
Ауыл-ене сеземін өзіңде емі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу