Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
14.05.2022
149
Аманат
Қара бұлттай үйіріп басқа мол мұң,
Көбі кетіп, қалды азы қасқа жолдың.
Сəби болғым келмейді баяғыдай,
Баяғыдай келмейді жас та болғым.
Өткенімді көк тұман басып қалған,
Бара жатыр Күнім де асып талдан.
Кім көрінген парақтай кете-тұғын,
Кітап емес өмірім ашық қалған.
О, жел-ай, жел-ай соза тартқан ішін,
Қарай да алмайды екен артқа кісің.
Бастырып қоярсыңдар таспен өтсем,
Тұрғызу да басыма шарт па мүсін.
Беу, тірлік мұңды жанды сазың шалды,
Кеудемнен шықпай қанша əз үн қалды.
Басына қабірімнің таспен бірге,
Егіп қой Есен досым Мəжнүн талды.
Шамасы қайта айналып келмес демге,
Өмірден өткеннен соң елес пенде.
Тас басып жатсын тұрып кетпейтіндей,
Тал сыңсып тұрсын жайсыз жел ескенде.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter