Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  206


Автор: Аманхан Əлімұлы

Дуаналар

Жан-жүректі тазартар дуа болар,
Аят оқып шайтанды қуады олар.
Сіңір соқпақ қуалап ел кезеді,
Құдай жолын таңдаған дуаналар.
Қайда барып тоқтарын Алла білер,
Жайлары жоқ кіріптар жалға жүрер.
Сиынары Жаратқан, оған қоса,
Тірлігі бар түйір құрт талғады дер.
Сүйеніші қолдағы асатаяқ,
Көңілдері көк ілді босамай-ақ, –
Байлық қуды жандарды шелді көзді,
Дұғасына оқыған қосады аяп.
Келмейтінін білмейтін айтып азап,
Ей, оқыған маңдайы тайқы қазақ, –
Балағынан ит алып, бала баққан,
Дуананы етпегін сайқы мазақ.
Көңіліне көшіріп кешті солма,
Келе-тұғын тілекпен көшті болға, –
Бірі сондай құлдардың Алла сүйді,
Түсті сіңір соқпақтан ескі жолға.
Келе жатыр аяңмен, сылбыр ғана,
Күн күйіп тұр, жел есті тұлдыр дала.
Құдай жолын ұмытқан адам көрсе,
Емшек іздеп жылаған бұл бір бала.
Жол бойында бір жанды кезіктірді,
Оның сырын жан жеген көзі ұқтырды.
Құдай ұрған қарақшы екенін ол,
Қу жүрегі айтпай-ақ сезіп тұрды.
Жалғыз-жарым жүргенді, шіркін, делік,
Қарны ашты, қарақшы, шырқын көріп, –
Жол үстінде дуана о пақырға,
Берді түйір талғажау құртын бөліп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу