Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  140


Автор: Аманхан Əлімұлы

Ауыл түні

Қалатын қармап бақтай қай жеткені,
Келтірер көз алдыма жайды өтпелі, –
Буда-буда бұлтқа батып шыққан,
Мысалы, алтын бақа Ай көктегі.
Ақбозат, Көкбозат та тарпаң кілең,
Құс жолы шұбатылған арқан білем.
Мық шеге жұлдыз қақты қарап көкке,
Көңілсіз күрсінеді қартаң бір өң.
Төбесін тіреп тұрған қаққан ұстын,
Қамыспен жатаған там жапқан үстін, –
Қайдағы-жайдағыны еске салдың,
Жегідей жеген жанды шақта міскін.
Жатушы ем, көкке қарап төбесінде,
О өмір өтті-кетті елесің бе?..
Жып-жылы жаздың түні мақпал қара,
Мазамды кетіресің келесің де.
Кеткендей аяқасты ауысып əн,
Қағатын Сырдың қалың қауы сылаң.
Көңілім құлазитын қарап жатып,
Жылаған шибөрінің дауысынан.
Айтып бір кетейінші жолай тағы,
Сыңситын тораңғыл да тоғайдағы.
Жастықтың ұшып кеткен оралмастай,
Қолыма қона қоймас оңай бағы.
Ойларға берілгенмен бекер бөтен,
Дауысым өтті өмірге жетер ме екен?..
Жаз өтіп, қоңыр күзде тірліктен мен,
Аспанға қарап жатып өтер ме екем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу