Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  151


Автор: Аманхан Əлімұлы

Сұлулыққа сұқтану

Мысалы, десем дала қалы кілем,
Шалғынды күрең белі жалы, білем.
Көзіңнен көгілдір мен теңіз көрдім,
Ойнаған көк толқыны жалынымен.
Бір белгі қалғандай боп сояу Күзден,
Жаныңа түспесінші қаяу бізден.
Қиылған қасың қою қақпа қылық,
Теңіздің үстіндегі Ай-ау жүзген.
Шаншылған жебе дерлік кірпіктерің,
Көңілді тұр-ау ұшпа түртіп, керім.
Керілген кер маралдай керім қыз-ай,
Басыңды сертке бар-ау бір тік дерің.
Назарға ілінбестен қалдым деме,
Тал мойын, қыпша белді балғын дене.
Көңілді қара шайдай тұнған бұзып,
Есіме не жайларды салдың неге?..
Шілде өте, салып тұрып Күз қармағын,
Сеземін жанды шалар ызғар барын.
Сұқтанып сұлулыққа тұрып, қарғам,
Көңілім өз-өзінен сыздар жарым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу