Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  160


Автор: Аманхан Əлімұлы

Табиғаттың бергені несіп, төкпе...

Табиғаттың бергені несіп, төкпе,
Жел де білем тұрған жоқ есіп текке...
Тең-тең бұлт легімен ойдай ауыр,
Тыным таппай барады көшіп көкте.
Жатқан дала томаға сыр ашқан ба,
Көзге ұрады көкжиек қыр асқанда.
Көшірмесі секілді көңілімнің,
Ала-құла күй кешіп тұр аспан да.
Аулай алсам бір сырды қарасынан,
Оқыс келіп қаққандай бар асынан, –
Кесіртке қысық көз жер бауырлап,
Тұр сығалап жусанның арасынан.
Ден қойғанда көктемгі таза ауаға,
Көңіл күйді келтірер саз ауа ма?..
Қаққан қазық сияқты тұрған анау,
Саршұнақ та бір жайға мəз-ау, аға.
Табиғатпен келетін жүздескенге,
Не жетеді далада із кескенге.
Астан-кестен аспан жақ болып кетті,
Аяқ асты келетін түз көшкенге.
Тасқа біткен тамыры тектес шетен,
Бекер тірлік атаулы өтпес, көкем.
Буда-буда бұлттың көкті буған,
Арты айналып нөсерге кетпес пе, екен?..
Қорқынышты...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу