Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  151


Автор: Аманхан Əлімұлы

Бүгінде Сіз де басқа, біз де басқа...

Бүгінде Сіз де басқа, біз де басқа,
Ерікті беріп тұрмыз үзбе жасқа.
Барады жар жағалап жалғыз үйрек,
Ұрынып қалған білем күзге, қасқа.
Сап-салқын ауа, шіркін, алып бойдан,
Арыла алмай жүрмін қалтқы ойдан.
Сан саққа кетіп сана жамырайды,
Қозыдай енесінен қалып қойған.
Желіндей жерді сызған сыздап аспан,
Көңілді шала-тұғын ыз ба, бастан?..
Өмірім өте шықты, сүйгенімен,
Мысалы, ұқсап ұшпа қызға қашқан.
Қаңбақтай жел айдаған түзден түзге,
Жастар да ұқсамайды Сіз бен бізге.
Кəрілік кəділікке келмей-тұғын,
Түскен бір суық шалып ізбе ең жүзге.
Көңілге алғандай бір түйіп демде,
Сағыныш тал бойыңды иіткенде, –
Електен өткізгендей өміріңді,
Өкініш ауыр екен күйіктен де.
Дария жағалауы қия беткей,
Өмірде өткел бермес қияметтей.
Сызылып сан тұрардай алдыңызда,
Тағдырым сонша неге ұяң етті, ей...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу