Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  125


Автор: Ахмет Өмірзақов

Кім кетті екен сүйіншіме дерт беріп......

Желкесін жауыр қылған дұғалықпен,
Сұрайсың қандай өлең бұ ғаріптен?
Болғанда:
Қайғым – қайрақ, жаным – пышақ,
Бір күні таусылам ба жұқарып мен?…
Су төгіп соқпағыма – қайғы басқан,
Күледі тірлігіме Айсыз Аспан.
Қайта алмай алған беттен Мен барамын,
Көрем де көрерімді тайқымастан!…
Жалғанның кетіре алмай Сайқал дағын,
Кемесін тыныштықтың шайқалтамын!
Алдында Ар туының тік тұрғалы,
Жүректің жариясы – айта алғаным.
Батырды, жаяу қалған, мақтамайды Ел,
Сертті Күн, сенімімді таптамай кел!
Сөзімнің жүрегіңде қалсын мəні,
Сарынын – ала қашқан – жаттамай кел!
Өткенде өткіншіні көз көрместен,
Кеткенде кесірліге сөз берместен, –
Айтылған «Ақиқат!» деп соңғы сөзім,
Қалады Һақ нұрында өзгерместен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу