Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  117


Автор: Ахмет Өмірзақов

Қаладан қайтып барамын

Өлеңім үшін селігіп жауынға талай,
Шыдап-ақ едім ызғарлы дауылға талай.
Ал, бүгін болса айрылдым тежегішімнен,
Асықтыруда бір сезім ауылға қарай...
Келгенде алғаш қалаға жақыным көп-ті,
Сан құбылысқа енді-енді ақылым жетті.
Кім көрінгенге ашам деп көңіл-сарайды,
Сенен өзгенің көбіне қадірім кетті...
Достарым қанша көп еді осы қалада,
Салқындық кірді көбімен тосын араға.
Басынан шайыр жігіттің бағы таярда,
Досын дұшпаны қатарға қосып ала ма?...
Тоңдырар суық сезгесін шабыт желіңнен,
Жыр жазу да азап – бір кезде бақыт көрінген.
...Ұстаздығымды құрметтеп – қуантқан алғаш,
Қоштаса да алмай барамын шəкірттеріммен.
Қалайша өткен уақыттың тізбегі жалған?
Қалайша бақыт күткенбіз біз тегін алдан?
Амал жоқ енді, ұзаймын қаладан үнсіз –
Махаббат толы шақтардың іздері қалған...
Осыдан егер есімді жия алмай кетсем,
Арманға ренжіп – жүретін қия алмай көптен;
Сағынғаныңда жетерсің ініңді іздеп –
Пейілі тарлау ортаға сия алмай кеткен!
Жырымда менің, бейне бір, дау-жалын бардай,
Тіксінер бəлкім, біреулер «жау-сарынды» аңдай.
Бірақ кім ұғар, қаладан
Қараулықпенен
Кеткендігімді күресер қауқарым қалмай?!
Қаладан қайтып барамын шатасқасын көп,
Уығын мұңлы ғұмырдың қадасқасын көп.
Арманшыл жасқа ісімді үлгі қып барам,
Мезгілсіз кезде мендей боп адаспасын деп.
Қалаға қырдан, деп едім, əкелем гүлді,
Бұл ойды басқа арманым бекер ендірді.
Қаладан қайтып барамын,
Бос қалаға еніп
Россияда қираған Наполеон сынды!
Тасбауырлығы тұғырдан тайдырып нарды,
Аңсызда шаһар ақыннан айрылып қалды.
Қоштасқым келмей қасынан үнсіз өткенде,
Мен жүрген көше талдары қайғырып қалды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу