Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  125


Автор: Ахмет Өмірзақов

Мен үшін бақыт деген көне ертегі

Деу үшін асқақ үнмен «Ахметпін!» –
Жүректі жазаладым – ақын еттім.
Пасықтың ғұмыр бойы қолы жетпес –
Келді бір – зеңгір көкте ағып өткім.
Көгіне көз тіккелі Жыр-Шындықтың,
Көргендей едім шетін бір сұмдықтың.
Алайда, ақиықша күн кешем деп,
Ақыры кидім кебін құр мұңдықтың…
Көкжалға айдалада ұлу – қорлық,
Жігітке орта жолда сыну – қорлық.
…Бір ағам мені Сынақ Алаң қылса,
Бір ағам талап етті рупорлық!
Дарыным – дарын емес, пəле болды,
Арыным – мінез емес, жала болды.
Қарымым – біреулерге қорқыныш боп,
Жалыным күйдірді ылғи алақолды.
Жайымды ұғып жатқан Ірілер жоқ,
Ұққанда сүрінбеске сүрінер ме ек?!
Тұсымнан өтеді жұрт қырын қарап:
«Əуелі – ақын емес… тірі бол…» деп!..
Заманда – ақ-қараны таңдатпайтын,
Қанжарын қайтады əр күн қандап қайғым.
Тек қана сорлы жүрек жан серігім,
Кірбіңін қабағымнан аңдатпайтын…
Аспанның аруларын құшып келіп,
Ақын боп жүргенімше ұшып-қонып;
Қалмадым түсіп неге сонау шақта,
Анамның құрсағынан түсік болып?!…
Өлең деп өз ортама жат болдым мен,
Болат ем жарқыраған, тат болдым мен.
Жылуын сыйлаймын деп жырдың жұртқа,
Айрылдым алау шақта шат көркімнен!
Түсем деп енді бүгін орға қашан,
Дүрсілін жүрегімнің зорға басам.
– Ей, Тағдыр, қайтер еді, бір қайсарды
Мезгілсіз меңіреулікпен қорламасаң?
…Сырым осы – оранған жарқылға бір,
Түсінсең, ей, бауырым, талпынба құр!
Азуын айға білеп арам қатқан,
Бір Көкжал, жөндеп қара, алдыңда тұр!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу