Өлеңдер ✍️
Құлпытастан қашу немесе эпитафияның азабы
Айғақ кеп жата ала ма тереңде тек,
Ақ сөзді ұқпағанды керең дер ек.
Санамыз сөз сырына сарсылмаса,
Табамыз бұл дүниеде неден көмек?!
Жүрекке жылу берген Жыр – Періште,
Неліктен көрінгенге көгенделед?
Неліктен Ақынды адам демейтіннің,
Өлген соң «көк тасына» өлең керек???
Жазам деп итке де жыр өтінгесін,
Жыр сыйын ақын қалай кетірмесін?
Ойлайды ол:
«Марқұм да бір жетім ғой» деп,
«Жалғанда жүруші ме ед жетімге сын?»
Бермесін тəңір сəлем қайдан білсін,
Ұрпағы сол «жетімнің» жетілгесін.
…Тағдыр да ақынды аяп жатырған жоқ,
Біреуге бекер жасы төгілгесін!
Болғанмен қаншалықты тіл батыры,
Кетеді кесірліге жыр қадірі.
Тұлпармен су тасуға арланбайтын,
Елдегі ессіздіктің бұл да бірі.
Əлі де көп – ақ шығар көреріміз,
Надандық біз кеткенше тұрса тірі!
…Қалада Ханға сəлем бермейтұғын,
Далада қирап жатыр Жыр Шатыры!
Жандаймыз кей кезде біз жазалы бір,
Кеудеде ыңырсиды назалы сыр.
Əспеттеп қайдағы бір қадірсізді,
Қаламға бермедік-ау мазаны бір!
Қараны аққа балап «ақ пейіл» деу –
Шабыттың – шамырқанған – ажалы бұл!
…Ақынның аласұрған жүрегіндей,
Көк тасқа көнбей тұрған азалы жыр.
«Жалғанның іші басқа, сырты басқа,
Қыранның құзғындардан тұрқы басқа.
Ұғымдар – асыл деген, жасық деген
Ешқашан туыспайды – ұлты басқа!» –
Десек те шындық сүйген жүрекпенен,
Қондырмай жатыр заман кімді тасқа?!
«…Ақынның күнəсін кеш, Аллам!» деймін,
Қашалған өлең көрсем құлпытасқа!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter