Өлеңдер ✍️
Ақынға хат
Армандарың Ай Нұрында жүзгесін,
Қасиетіңе Бізде емес, Түзде – сын.
Ақынсың Сен,
Іздемейсің ерлікті,
Керек болса ерлік Сені іздесін!
Сілкіндірсе сұрапыл бір Сағыныш,
Жұлдыздардай түнді тіліп – ағып ұш!
Жасын боп кір Жалғыздардың жанына,
Бетін жерге басып жатсын Нақұрыс!
Жанарыңды Жанартау-Мұң талдырса,
Жүрегіңде айтылмай Сөз қалсын ба?!
Арашашың Ұлы Ақиқат болса егер,
Асқақсың Сен – Ар Сотының алдында!
Саңылау таппай Шындық дерті асқынса,
Ақын ғана жол ашатын Тасқынға!
Біреулердің ғұмыр бойғы арманы –
Эвересттер –
Аяғының астында!
Бетін бұрмай пəнидің таутасына,
Қыран Тағдыр ұшады ылғи асыға.
Ол – тəкəппар амандасып жалғанмен –
Саңғып тұрар құзғындардың басына!
Нар тұлғалар – арғы, бергі Сөздегі,
Жалғандықтың жарлығына төзбеді.
Соған қарап –
Қарғап-сілеп тағдырын,
Қанталайды құзғындардың көздері!..
Күндемпаздың көктен келмес ажалы,
Күннен қашқан – Жаһаннамда жазалы!
Қиянаты бумеранг боп соғар –
Батса кімнің Ақындарға азары!
Егескенге жібермей бір есені,
Таң қалдырған Тағдыр ғой бұл нешені:
Арсыздыққа Ажал Оқ боп туылар –
Асқақтық мен Қайсарлықтың Көсемі!
Қалса да артта жасын күнің, от күнің,
Жырларыңды кернемесін кекті мұң!
Өзің емес,
Дəлелдесін сөздерің
Аярлыққа ақындықтың жоқтығын!
Сондықтанда –
Дақ түсірмей қарқынға,
Жүрек барда ұмтыл шыңға, алқынба!
Сені шексіз жек көргеннің өзінің,
Ойында қал – өлсең – ақын қалпыңда!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter